Қызылжар қазақтары фольклорлық мұрасының жас ұрпақты оқытудағы тәрбиелік мәні
Кілт сөздер:
Қызылжар, Солтүстік Қазақстан облысы, фольклорлық мұралар, жұмбақ, бақсылық сарын, рухани мұра, ғылыми-зерттеу.Аңдатпа
Мақалада ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауызекі немесе құймақұлақтық қасиетпен жалғасқан Солтүстік Қазақстан облысының рухани мұраларының жиналу, сақталу, зерттелу мәселелеріне және сол мұралардың жас ұрпақ тәрбиесіне рөлі қарастырылады. Қызылжар өңірі – Сарыарқаның бір бөлігі ретінде, қазақтың аспаптық музыкасы мен фольклорлық мұраларының тамыры үзілмей сақталған қасиетті өлкенің бірі. Солтүстікті жайлаған елде қазақ халқының ұлттық музыкасы мен фольклорының оның ішінде отбасылық әдет-ғұрып, салт-санаға қатысты бай дәстүрлері сақталған. XVII-ХІХ ғасырдағы қазақта сөз бастаған ақын-жыраулар Қожаберген Толыбайсыншыұлы, Шал Құлекеұлы, халықтың санасынан өшпестей орын алған сал-серілер Сегіз сері, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтар салған әншілік өнердің түп негізі де осы өлкеде өркен жайған. Бұл өңірде сақталған халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпына байланысты мұралар, этнографиялық құндылықтар, ұлттық қолөнер туындылары, халық ауыз әдебиетінің үлгілері (шілдехана, жоқтау, сыңсу, жар-жар, ән-күй, қара өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, жыр, терме, жарапазан, бақсы сарындары т.б.) ауызекі және атадан-балаға тікелей мұрагерлік жолмен таралып, ұлтымыздың және әлемдік адамзат өркениетіне өзіндік үлесін қосуда. Сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, Қызылжар өңіріне шетелдерден қандастарымыз көптеп қоныс тепті. Қызылжар өңіріне келіп қоныстанған қандастар легімен бүгінгі таңда жас ұрпақтың жадынан ұмыт бола бастаған, ұлттың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, аспаптық муыкасы мен этнографиясына қатысты қыруар мұралар келді. Осы мақаланың ғылыми талдау бөлігінде, Қызылжар өңірін мекендеген байырғы қазақтар мен елге оралған қандастардан жазылып алынған ауыз әдебиетінің байырғы үлгілерімен қоса музыкалық-фольклорлық мұраларының аймақтық-орындаушылыққа тән ортақ ерекшеліктері мен ұлттық рухани ортақтығы тұжырымдалады. Мақалада берілген «жұмбақ», «жаңылтпаш», «бақсылық сарын» сияқты фольклорлық мұралар туралы құнды деректер, 2022 жылы мақала авторының Қызылжар өңіріне жүргізілген ғылыми-зерттеу экспедиция барысында жиналған тың материалдар негізінде сұрыпталды.