Құқықтық актілерді талдау: Қазақстандағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасын қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық маңызы бар құжаттар мазмұнының сапалық және сандық сипаттамасы
Қаралымдар: 176 / PDF жүктеулері: 552
Аңдатпа
Жоғары білім жаңа білімді құру, оны білім алушыларға беру және инновацияны
насихаттау арқылы қоғамда маңызды рөл атқарады. Болондық көзқарастарға негізделген жоғары
білім берудің жаңа парадигмасы барлық мүдделі тараптардың (ішкі және сыртқы) қатысуымен
жоғары білім сапасын қайта құрылымдау қажеттілігін туындатады. Бұл мақалада авторлар
республикалық референдумда немесе уәкілетті орган қабылдаған, құқық нормаларын белгілейтін,
олардың қолданылуын өзгертетін, толықтыратын, тоқтататын немесе тоқтата тұратын белгіленген
нысандағы құқықтық құжаттардың талдауын ұсынады. Бұл құжаттар Қазақстандағы жоғары және
жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің қолданыстағы жүйесін оның сапасын қамтамасыз ету
тұрғысынан көрсетеді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасын қамтамасыз
ету саласындағы барлығы 11 құжат талданды. Аталған құқықтық актілерді талдау қазақстандық
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде көрсетілетін қызметтердің
сапасын қамтамасыз етуге, халықаралық стандарттарға сәйкес сапа мәдениетін қалыптастыруға
бағытталғанын айғақтайды. Құжаттарға енгізілген барлық түзетулер жоғары және жоғары оқу
орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметіне енгізілген жаңалықтардың жүйелілігі мен
реттілігін көрсетеді, жоғары білім сапасына қойылатын талаптарды арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, өзгерістердің бағыты гуманизм мен демократияның жаһандық қағидаттарының
жүзеге асырылғанын айғақтайды. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасын
қамтамасыз ету саласындағы құжаттарды талдау Болон үдерісіне енуге байланысты қазақстандық
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру халықаралық келісімдерді қатаң сақтайтынын
көрсетеді. Атап айтқанда, жоғары білім сапасын қамтамасыз ету кезінде уәкілетті орган мен
қазақстандық университеттер Еуропалық жоғары білім кеңістігінде (ESG) жоғары білім сапасын
қамтамасыз ету стандарттары мен ұсынымдарын басшылыққа алады.